Елімізде 2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 50 процентке артты. Бұл – 6,9 млн адамға тең. Аталған көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлім етті. Оның айтуынша, алайда шетелден келетін туристердің саны азайған. Бұл әлемдік коронавирус індетінің кесірінен деп түсіндірді сала басшысы.
Дәурен Абаев, ҚР мәдениет және спорт министрі:
– Іле Алатау, Көлсай, Шарын сияқты Ұлттық парктерге келушілердің саны еселеп өсуі ерекше байқалады. Мысалы, іле алатауда 2012 мың келуші болса, 430-ға дейін өсті. 2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке артып, 3 686 қонақүйді қамтыды. Нөмірлік қор өсіп, 193 мың төсек-орынды құрады. Көрсетілген келушілер саны бойынша елдің бірқатар өңірінде ішкі туристердің саны өскендігін көреміз. Көрсетілген қызметтердің көлемі карантинге дейінгі кезеңге сай. 2021 жылы көрсеткіш 109 млрд. теңгені құрады.
Сондай-ақ министр, туризм саласында 2021 жылы кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаға сәйкес 22 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп, алайда бұл көрсеткіш артығымен орындалғанын, яғни 31 680 мың адам жұмысқа орналасқанын айтты. Дәл осы жобаға сәйкес биыл қосымша 25 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспалануда.
Автор: Ақзер Сегізбай