Қазақстандық тауарларды түркі елдерінің шекарасынан өткізу процесі едәуір жеңілдейді. Сәйкесінше, түркі елдерінен келетін жүктер біздің республикаға тезірек жеткізіледі. Тасымалдау құны да төмендейді. Бұған жеткізілетін тауарлар мен көлік бойынша алдын ала электрондық мәліметтер алмасу, сондай-ақ тасымалданатын жүктерді талдау үшін тәуекелдерді басқару жүйелерін қолдану ықпал етпек. Осы және басқа да шаралар Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер арасында оңайлатылған кедендік дәліз құру туралы келісімде көзделген. Құжат бүгін Парламентте ратификацияланып, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Сенат депутаттарының айтуынша, келісім халықаралық сауда қатынастарын дамытуға серпін береді.
Нұрлан Бекенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Келісімді ратификациялау Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және өзара экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Заңды іске асыру оң әлеуметтік-экономикалық әсер береді. 2024 жылдың 8-айында Қазақстан Республикасының Түркі мемлекеттері ұйымдарымен сыртқы сауда көлемі 10,4 млрд долларды құрады, бұл ретте тауар айналымының 61%-ы экспортқа тиесілі.