Ақтөбе индустриялық аймағында жұмысын бастаған екі жаңа кәсіпорын 11 млрд
теңге инвестиция тартты. Олар тамақ өнімдеріне арналған қаптамалар мен құрғақ
құрылыс қоспаларын шығарады. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда
индустриялық аймақтың 90 пайызы игерілді. Қазірдің өзінде ол өңірдің
өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін дамытудың негізгі тетіктерінің бірі.
Мұнда орналасқан өндіріс ошақтары Ақтөбенің жалпы ішкі өніміне елеулі үлес
қосады. Бүгінде аймақ аумағында химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру
және қайта өңдеу саласында 17 жоба іске асырылды. Қазір мұнда тағы бірқатар
жаңа жобалар жоспарланған. Инвесторларды дайын инфрақұрылым және жалдау бойынша
жеңілдіктер сынды жасалған қолайлы жағдайлар қызықтырады.
Ақнұр Жүсіпова, «Ақтөбе ӘКК» Инвесторлармен жұмыс жасау
басқармасының бастығы:
– Бүгінгі таңда 834 жұмыс орнын құрайтын тағыда 88,3 млрд
теңгеге 10 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Қазір Ақтөбе индустриялық аймағына
инвестиция тартуға қойылатын бірқатар талап белгіленген. Олардың бірі - бір
гектар жер учаскесіне ең аз дегенде 350 млн теңге тарту қажет. Сондай-ақ,
міндетті шарт - жер учаскесін толығымен игеру керек. 2024-2025 жылдары
Ақтөбенің индустриаялық аймағына 85,7 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Бұл индустриялық аймақты өңірдегі бизнес пен инновация үшін ең тартымды алаңның
біріне айналдырады.

