Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсетуде түркі елдерімен ынтымақтастық жасауға дайын. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ыстамбұлда өткен Түркі кеңесінің Ауғанстандағы ахуал жөнінде кезектен тыс отырысында осылай деді. Оның сөзінше, Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерге, бірінші кезекте гуманитарлық салада және БҰҰ-ның орталық үйлестіру рөлінде өз үлесін қосуын жалғастырады. Түркі кеңесінің кезектен тыс отырысында тараптар терроризмнің таралу, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және босқындар легі тәуекелдерін ескере отырып, жағдайдың одан әрі дамуына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті. Жиын соңында бірлескен мәлімдеме қабылданды.