Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірнеше кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Иерусалим Патриархы III Феофилмен дінаралық және конфессияаралық диалогты ілгерілету мәселелерін талқылады. Президент мейманға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің мақсат-міндеттерін ілгерілетуде көрсеткен қолдауына ризашылығын білдірді. Съезге үшінші рет қатысқалы отырған Патриарх форум қорытындысы әлемде бейбітшілікті одан әрі нығайтудың нақты бағдарларын әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Задені қабылдады. Кездесуде конфессияаралық диалог халықаралық қауымдастықты біріктіру жолдарын бірлесіп іздеудің маңызды құралы екені айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік рухани көшбасшылар съезінің қорытындысы жаһандық сын-қатерлерге бірлесе қарсы тұруға ықпал ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Қазақстанның діндер мен өрткениеттер диалогын дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебке дін көшбасшыларының басқосуына орай жолдаған шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылық білдірді. «Толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының форумға қатысуы өте маңызды»,-деді Президент.