Өскемендік қолөнершінің ұлттық нақыштағы қуыршақтары шетелдік туристерді тәнті етіп, оған әлемнің әр қиырынан тапсырыс түсуде. Негізінен, Германия, Франция және ресейлік туристер көптеп сатып алады. Варвара Баталина өз қуыршақтарына өз қолымен ұлттық киімдер тігіп, кигізеді. Шебердің айтуынша, бұл өнермен айналысуына қызы түрткі болған. Он саусағынан өнер тамған ісмер өнер мектебінде тәлім алатын қызына көмектесе отырып, бұл істің хоббиіне айналғанын байқамай да қалған.
Варвара Баталина, Өскемен қаласының тұрғыны:
– Осы бір қуыршақты басынан аяғына дейін жасап шығу үшін 8 сағат уақыт кетеді. Әр қуыршақ кемінде 20-25 бөлшектен тұрады. Оның барлығы бөлек жасалады. Тек содан кейін дайын бөлшектерден бүтін қуыршақ құрылады.
Ұлттық нақыштағы шебердің жасаған қуыршақтары жергілікті мектеп пен балабақшаға, сондай-ақ музейлерге де қойылған. Қолөнершілердің ресурстық орталығы өкілдерінің айтуынша, Шығыс-Қазақстан облысында 100 астам білікті шебер бар.
Раиса Мұхамеджанова, ШҚО қолөнершілер ресурстық орталығының жетекшісі:
– Бізде қолөнершілер әртүрлі іспен айналысады. Оның ішінде ағашты кесіп немесе оған сурет салатын, сызба жасайтын шеберлер және қазақ және өзге ұлттардың тігіс өнерлерін дәріптейтін шеберлермен қатар киіз тоқушылар да бар. Киіз тоқуға біз көп көңіл бөлеміз. Себебі, ол – қазақ халқының бұрыннан келе жатқан дәстүрі.
Айта кетейік, бүгінде шеберлер өз білген, түйгендерін келешек ұрпаққа да үйретіп, бұл іске баулып келеді. Жастар арасында да қызығушылар жылдан-жылға еселенуде. Себебі, осы өнер арқылы өз шеберлігін шыңдап, оны көпшілікке паш етуге болады.