Отандық өндірушілер таңбаланған жапсырмалардың құны тек 4 теңгеге ғана шығатынын атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай жаңашылдық дүкен сөрелерінде сатылып тұрған аяқкиім өнімдерінің сапасына әсер етпек. Енді кез келген тұтынушы сатып алатын аяқкиімі туралы бар ақпаратты біле алады. Жапсырмада немесе қаптамада Data Matrix коды көрсетіледі. Ол өнімнің қай материалдан жасалғанын, оның мөлшері мен түсін айтып, сонымен қатар аяқкиім өндірушісі туралы толық ақпарат береді.
Мұхаммедхайдар Сейіт, Цифрлық экономиканы дамыту жобасының жетекшісі:
- Таңбалау коды – екі өлшемді код, яғни Data Matrix түрінде ұсынылады. Бұл – бір жағынан QR кодқа ұқсас әріптік-сандық реттілік. Жалпы таңбалау кодын кез келген адам ауыстыра алмайды. Сондай-ақ жалған ақпарат та енгізу мүмкін емес. Себебі бұл кодты қалыптастыру кезінде криптографиялық қорғау стандарттары қолданылады.
Дана Қаражанова, аяқкиім фабрикасының қаржы директоры:
- Аяқкиімді таңбалау тауар өндірушіні қолдау ретінде еліміздегі аяқкиім өндірісін арттырады деген үміттеміз. Бастапқыда пилоттық жобаға қатыстық. Содан кейін 1 қарашадан бастап аяқкиімді таңбалау процесі басталды. Алғашында 3000 жұпқа тапсырыс түсті.
Қазір Қазақстанда аяқкиімнің 48% жуығы көлеңкелі нарық үлесіне тиесілі. Data Matrix жады үлкен болғандықтан, цифрлық таңбалауды енгізу әрбір аяқкиім жұбын теңдестіруге мүмкіндік береді.
Ульяна Нұрғалиева, Алматы қаласы бойынша МКД Кедендік әкімшілендіру басқармасының бас маманы:
- Импорттаушылар еліміздің аумағына әкелгенге дейін немесе кедендік рәсіммен орналастырғанға дейін, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде өндірілген аяқкиім тауарларын таңбалауды қамтамасыз етуі қажет. Өз тауарларын таңбалау үшін импорттаушылар, декларанттар кеден органынан рұқсат алуы қажет. Яғни әрекет ету аймағында кеден қоймасы орналасқан Мемлекеттік кірістер департаментіне жүгінеді.
Сарапшылар 1 қарашаға дейін елге әкелінген аяқкиімді тауар қалдықтары есебінде жеңілдетілген жүйемен таңбалауға болатындығын айтты. Оларды келесі жылдың 1 сәуіріне дейін сатуға рұқсат берілді.