Қазақстанда жеті қазынаның бірі қазақы төбет пен құмай тазының тұқымын сақтап, молайтуға жауапты уәкілетті орган құрылады. Мәжіліс аталған асыл текті жергілікті иттерді қорғауға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Бұл арнайы құрылатын орталқтың құзыретіне тазы мен төбеттің кітабын жүргізу, қанының тазалығын саралау мен тұқымының стандарттарын әзірлеу сынды міндеттер кіреді. Сондай-ақ, заң кинологиялық қызмет ұғымдарын, шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақ ит тұқымдары мен ұлттық аңшылық стандартын айқындайды. Мемлекет орталыққа осы салада жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерге әлеуметтік тапсырыс беру арқылы қаржыландырып, қолдау көрсетпек.
Әмірхан Рахымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сондай-ақ заң жобасында Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары жүзеге асыратын қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі норма көзделген. Ғылыми ұйымдар уәкілетті органмен, ұлттық орталықпен, сондай-ақ кинологиялық қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлейді. Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет болады.