Қазақстанда салықтық декларациялау механизмі оңтайландырылды. Бұл үрдістегі тиісті мүліктің тізбесін нақтылау және жыл сайынғы қысқаша декларацияны беру міндеттемесі алып тасталды.
ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, енді азаматтар мемлекеттік органдарда тіркелген мүлікті және екінші деңгейлі банктердегі қаражат туралы ақпаратты көрсетпейді. Бұдан былай бұл мәліметтер автоматты режимде министрліктің интеграцияланған деректер базасына келіп түседі.
Декларацияда көлік құралдары, заңды тұлғаның қатысу үлестері, шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі ақша қаражаты туралы мәліметтер көрсетіледі. Сондай-ақ халыққа ыңғайлы болу үшін декларация тапсыруға арналған салық төлеуші кабинеті, «Электрондық үкімет» веб-порталы, «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы сынды электрондық қызметтер іске қосылды.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген адамдар кейіннен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы тиіс. Бұл ретте активтер мен кірістер бойынша айналымдар болмаса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынбауға болады. Кіріс декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргізіледі. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, жеке тұлғаларды санаттарға бөлу үшін министрлік тиісті нормативтік актілерге өзгерістер енгізді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов