Қытай Халық Республикасында ұйымдастырылған Alatau City Roadshow нәтижесінде
жалпы сомасы 6 жарым млрд долларға жуық 30 келісім мен меморандумға қол қойылды.
Бұл жөнінде Қазақстан Президентіне Премьер-министрдің орынбасары Қанат
Бозымбаев мәлімет берді. Жалпы еліміздің болашақ қаласының инвестициялық әлеуетінің
халықаралық таныстырылымы аясында 20 іс-шара ұйымдастырылып, Шэньчжэнь мен Гонконгтың
билік және іскер топтарымен бірқатар кездесу өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы
су ресурстары саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы, соның ішінде жаңа су
қоймаларын салу туралы есепті тыңдады. Бұдан бөлек, энергетикалық және
коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасының орындалу барысы қарастырылды.
Биыл инфрақұрылымды жаңартуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мемлекет
басшысы жобаларға отандық тауар өндірушілерді кеңінен тарту және Алатау
қаласының инфрақұрылымына қажетті қаржы бөлу міндетін жүктеді.

