ТМД мемлекеттері Үкімет басшылары кеңесінің отырысында 11 құжатқа қол қойылды

ТМД мемлекеттері Үкімет басшылары кеңесінің отырысында 11 құжатқа қол қойылды

Көлік, энергетика, химия өнеркәсібі, экология мен денсаулық сақтау. Осы және өзге де салалардағы әріптестікті Үкімет басшысы Ашхабадта өткен ТМД елдері Премьер-Министрлері кеңесінің отырысында талқылады. Қатысушылар көлік дәліздерін дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.

Бүгінде Қазақстанда құрлықаралық транзиттік бағыттардың бірқатар желілері қалыптасқан. Оларды жүзеге асыруға 35 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Еуропа мен Азия арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің 80% еліміз арқылы өтеді.

Олжас Бектенов тиімді логистикалық тізбекті құру үшін тарифтік саясатты үйлестіру және кедендік рәсімдерді цифрландыру бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін 11 құжатқа қол қойылды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

– Біз экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізуге, елдің берік «өнеркәсіптік негізін» құруға, маңызды инфрақұрылымды жаңартуға, агроөнеркәсіп кешенін қайта жүктеуге және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделіміз. Аталған мақсаттарды толыққанды іске асыру үшін біз негізгі серіктестерімізбен ынтымақтастығымызды нығайту маңызды екеніне сенімдіміз.

Ашхабадта алқалы жиын аясында Олжас Бектеновті Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қабылдады. Тараптар табиғи газ саласындағы әріптестік пен ауыл шаруашылығындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Олжас Бектенов қырғызстандық әріптесімен де кездесу өткізді. Үкімет басшылары екі елдің президенттері қойған тауар айналымы көлемін $3 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі жаңа міндетті орындау мақсатында жұмысты тездетуді құптады.