Транскаспий халықаралық көлік бағытымен қазақстандық өнімнің экспорты үш есе артты. Бұл жөнінде көлік министрлігі мәлімдеді. Жалпы биылдың 11 айында еліміздің теңіз порттары арқылы 6,5 млн тонна жүк өткен. Бұл былтырдың сәйкес кезеңінен 10% көп. Мамандар есебінше, басым бөлігі еуропалық елдерге бағытталған отандық өнімнің үлесінде. Мемлекет басшысы транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк жеткізілімдерін 5 есеге арттыру міндетін қойды. Осының қамында Әзербайжан, Грузия және Түркиямен тиісті жол карталарына қол қойылды. Оларды іске асыру аясында әр ел көлік инфрақұрылымын бірге дамыту жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Бұл ретте Қазақстанның салалық ведомствосы теңіз дәліздерін цифрландыру, сауда флотын дамыту, навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, порттарда терминалдық қуаттарды арттырып, инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық беруде. Мәселен бүгінде теңіз порттарының әлеуеті қазір тиелетін жүк көлемін әлі де үш есеге арттыруға қауқарлы.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Келесі жылдан бастап Ақтау портында контейнерлік хабты салу жұмыстары басталады. Жобаны іске асыру үшін Ляньюньган портымен тиісті келісімшартқа қол қойылды. Құрық портында биыл астық терминалының құрылыс жұмыстары аяқталды. Одан басқа порт аумағында құрғақ жүктерді және жасыл сутегін тасымалдауға арналған терминалдар салынатын болады. Жалпы Құрық портының терминалдарын дамытуға бағытталған инвестициялар көлемі 200 млн доллардан астады. Бұлардың баршасы жеке инвестициялар.