Орталық Еуразиядан
24 инновациялық стартап TechCrunch Disrupt халықаралық технологиялық
конференциясында таныстырылды. Жобалардың жартысынан көбі, атап айтқанда 16-сы Қазақстан мен Өзбекстанның әзірлеушілеріне
тиесілі. Биыл екі ел стартапшылары білімдерін біріктіріп, Кремний
алқабындағы инвесторлар алдында Central Asian Innovation Hubs бірыңғай
брендімен таныстырды. Олардың арасында жасанды интеллект, деректерді талдау,
HR, FinTech және EdTech саласындағы стартаптар бар.
Әсет Әбдуәлиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы, TechCrunch
серіктесі:
- Біздің Silkroad Innovation Hub - TechCrunch-пен екінші жыл серіктеспіз.
Сондықтан, осы жылы конференцияға қатысуымыз аса маңызды. Себебі біздің
павильон – үлкен алаңдардың бірі. Стартаптар алғашқы инвесторлары мен клиенттерін
тауып жатыр.
Сонымен қатар, әзірлеушілердің стартаптары халықаралық деңгейде мойындалады.
Мысалы, Орталық Азиядан келген жас өнертабыс иелерінің бірі Point.ai Product
Hunt алаңында ең көп қызығушылыққа ие стартапқа айналды.
Беназир Төлеубекова, Point.ai стартапының негізін қалаушы:
- Product Hunt - бұл компаниялардың өз жобасындағы жаңалықтар немесе өз
өнімін, үздік стартаптарын жариялауға
мүмкіндік беретін платформа. Біздің павильонға сағат сайын орта есеппен
25 адам келді. Сонымен қатар, сала мықтылары да өніммен танысты. Біз Қазақстан
мен Өзбекстанның фаундерлеріміз. Біздің команда Орталық Азияда жұмыс істейді.
Кремний алқабы аумағында ұйымдастырылған іс-шара биыл 10 мыңнан астам
қатысушыларға жаңа нарықтарға шығу үшін тәжірибе, жаңа таныстықтар мен мүмкіндіктер
береді.
Татьяна Плотникова, Pwron.Ai негізін қалаушы:
- TechCrunch - инвесторлармен, осы нарықтағы әлеуетті клиенттермен таныса
алатын үлкен мүмкіндіктер бар жаһандық іс-шара. Біз осы конкурсқа қатысу туралы
шешім қабылдадық. Кейін хаб бізді қатысушылар арасынан таңдап алды. Біз Америка
нарығына шығуды көздейміз, дегенмен басты операцияларымыз Қазақстанда жалғаса
береді, себебі біздің негізгі тұтынушыларымыз осында. АҚШ-та кеңсе ашып, осы
жерде жұмыс істегіміз және америка нарығы арқылы инвесторлар тартқымыз келеді.
Әсел Күшенғалиева