12 елордалық және 2 ресейлік театр ұжымы «Театр All» фестиваліне қатысуда. Фестиваль аясында қойылымдар алдағы 2 күн бойы жалғасатын болады. Алайда шараның салтанатты жабылу рәсімі 1 қарашаға жоспарланған. Сарапшылар кеңесінің мүшелері фестивальдің қорытындысын шығарып, 30 номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттайды. Жүлдегерлер ең үздік режиссер, драматург, композитор, сценограф, балет және опера артисі, сондай-ақ ең үздік ер мен әйел рөлі, екінші пландағы үздік ер мен әйел рөлі және басқа да номинациялар бойынша анықталады. «Театр All» фестивалі аясында елордада тек қойылымдар ғана емес, шеберлік сабақтары, көрмелер мен ғылыми-практикалық конференциялар өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Осы ретте театр өнерінің майталмандары, әдебиеттанушылар мен сыншылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, еліміздің бас қаласының өміріндегі бірегей мәдени шараға өз бағаларын беруде.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Әділқазылар алқасы үздік театрларды анықтайды, бұл туралы кешке хабарлаймыз. Фестиваль жоғары деңгейде өтті, жақсы спектакльдер көрдік. Әрине, күн сайын төрт қойылымды тамашалап, бір мезгілде баға беру оңай емес. Сахнадан классикалық шығармаларды да, қазақтың ұлттық туындыларын да көрдік. Менің ойымша, бұл әмбебаптық әрқашан өте пайдалы. Фестиваль театрлардың шығармашылық байқауы ретінде олардың дамуына үлкен әсер етеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай