Әлемнің үздік оқулықтары жарты миллионнан аса қазақстандық студенттің қолына тиді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қорытындыланды. Тәржімалау жұмыстарын «Ұлттық аударма бюросы» ұйымдастырды. 100 кітап 4 жылда толық тәржімаланды. Әр оқулық 10 000 данамен шығып, еліміздің оқу орындарына таратылған. Электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталына орналастырылып, еркін қолданысқа берілді. Онлайн тұғырнамаға жүз мыңнан аса қолданушы тіркелген. Былтырғы оқу жылының өзінде ондағы курстар 2 млн рет пайдаланылған. «Бұл елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған кешенді жобаның ғылыми қазақ тіліне салған олжасы мен кәдеге жараған ауқымының көрінісі», – дейді мамандар.
Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры:
- Оқулықтардың негізінде қазіргі заман талабына сай қашықтан оқуға арналған онлайн курстар дайындалды. Атап айтатын болсақ, әр оқулықтың негізінде видеолекциялар дайындалып, жалпы саны 200 курс, 5 мыңнан аса видеолекция жасалды. Олар пандемия кезінде қашықтан оқуға өткен кезеңде студенттерге, оқу орындарына өте жақсы көмекші құрал болды .
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Осыған дейін де 1 ғасырдың ішінде әр кезеңде еңбектер болды және аударылды. Бірақ дәл осылай кешенді түрде ұйымдастырылып, осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып, 100 оқулық әлемнің ең таңдаулы озық университеттерінде оқытылып, бірнеше мәрте басылып шығып, әйгілі ғалымдардың еңбектерінің қазақ оқырманына, қазақ студенттеріне, білім алушылардың қолына өзінің ұлттық тілінде аударылып жетуі – үлкен жетістік.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов