Шуақты Наурыз – даланы кезген Қыдыр Самарқанның көк тасын ерітіп, тобықтай мұз, тоқымдай қар қалмай, табиғаттың оянатын сәті. Қасиетті мейрам бес мың жыл бойы ұлықталып келеді. Бағзы замандардан тамыр тартып, көктен жарылқап, жерден өңделген ырысқа толы күнді Орталық Азия, Балқан түбегі, Қара теңіз, Кавказ, және Таяу Шығыста 300 миллионнан астам адам дәстүрге сай үзбей тойлап жүр.
Қалай дегенмен, қай жерде болмасын көне мейрам дәстүрі бір. Ол ең алдымен, табиғаттың жаңаруын әйгілейтін бірден-бір мереке және ауызбіршілік пен қайырымдылыққа үндейді. ЮНЕСКО-ның ұсынысымен адамзаттың рухани құндылығы деп танылып, БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен Наурызға «халықаралық мейрам» дәрежесі берілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов