Тазының генетикалық бірегейлігі ғылыми дәлелденді

Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес! Қазақ халқы осылай бағасын арттырған құмай тазының бірегейлігі дәлелденді. Қазақстан ғалымдары бітімі ерек екенін айғақтау үшін 3 жыл бойы генетикалық құрылымын зерттеген. Нәтижесінде ол ең көне әрі ғасырлар бойы қабілеті мен қасиетін жоймаған асыл тұқымды ит санатына жатқызылды. Итті жеті қазынаның біріне балаған қазақ халқы төрт аяқтылар ішінде тазының күтіміне бөлекше қараған.

Ескендір Ильдаров, Генетика және физиология институты баспасөз қызметінің басшысы:

- Бұл бірегей тұқым екені даусыз. Түркі, орыс немесе ауған иттерінің арасында кездеспейді. Генетик оқымыстылар ретінде біз археологиялық материалдарды қаузап, тазының жаралу уақытын анықтап жатырмыз. Тарихи мәліметке сүйенсек мың жылдан асады.

Тазының тектілігінің ақиқаттына жету қамында ғалымдар заманауи молекулярлы-генетикалық әдіске жүгінген. Яғни, ағзасының жасушасынан ақпарат жиналды.

Бұдан бөлек асыл тұқымды жануардың әдеті, болмысы мен бейімделу қасиеттері зерттелді. Осыдан ғалымдардың көз жеткізгені ұшқырлық пен төзімділік тегінен жалғасып келеді.

Бақытжан Бекманов, Генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Міне, кестеде бәрі анық көрініп тұр. Салыстыру үшін қазақы тазымен қатар ауған және орыс тазыларының, араб салюгі, блотхаунд, оттерхаунд және сұр қасқырдың геномы алынды. Әлемдік ғылымда ауғандық тазы және салуки ең көне тұқым екені белгілі. Ең қызығы қазақ тұқымы да ежелгі. + 50 ұрпақ бұрын осы аймақтағы тазы популяциясы құлдырауға ұрынды. Бірақ, қазір көбейіп, таралып және танылуына жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Енді дамуы тиіс. 

Елде бейресми дерекке сәйкес 3 мыңдай тазы бар. Нақты санын шығару маңызды. Соған қарай тұқымның сапасы анықталады. Қазір асыл тұқымды итті сақтау және дамыту бағдарламасы түзілген. Генетиктер енді тазы – халықаралық деңгейде жеке-дара тұқым ретінде тіркелуінен үмітті.