Ресми Душанбе Ауғанстаннан төнген қауіп-қатердің алдын алып, оңтүстік шекараларын қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады.
Айта кетейік, бұл құрамға Қазақстан да кіреді. Бұл туралы осы елдің ұйымдағы тұрақты өкілі Хасан Султонов хабарлады. Ресми Душанбенің мәлімдеуінше, ауған жеріндегі қазіргі ахуал ұйым шеңберінде шұғыл әрекет етуді талап етеді. Өйткені Ауғанстанмен шектесетін шекараның біраз бөлігі қиын таулы аймақтардан өтеді. Душанбе Ауғанстанмен шекараны күшейту үшін резервтегі 20 мың азаматты әскерге шақырды. Өз кезегінде, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз одақтастарын қорғауға дайын екенін мәлімдеген еді.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
- Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Елдегі ахуал күрт нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп бар. Бұған АҚШ пен НАТО әскерінің ауған жерінен кетуі әсер етіп отыр. Ондаған жыл бойы соғысқан шетел әскерлері Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады.
Сонымен қатар қазақстандық саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының кез келген ықтимал қауіп-қатерге, соның ішінде босқындардың пайда болуы немесе кез келген басқа әскери әрекетке жауап беретін келісілген іс-әрекет жоспары бар деп атап өтті.
Сұлтан Әкімбеков, саясаттанушы:
- Біздің бағытта шағын топтар ғана әрекет етуі мүмкін. Бірақ олардың барлығымен Тәжікстан, Өзбекстан және қазір тәжік жерінде орналасқан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы күштері төтеп бере алады. Сондықтан Қазақстанның Тәжікстанға әскерін аттандырудың қажеттілігі жоқ.