«Қазақстандағы Тамғалы тас петроглифтері мен Өзбекстандағы Сармишсай қорығындағы тасқа қашалған жазбалар арасында ұқсастық бар», – дейді ғалымдар. Тамғалыда күнтекті адамның бейнесі көп кездессе, Сармишсай петроглифтерінде бұғы мен жабайы өгіздің суреттері көп басылған.
Рамазон Эгамов, Сармишсай мемлекеттік музей-қорығының директоры:
- Бұл тастарға салынған бұқаларды жергілікті жерде кезіктірмейсіз. Тіпті ұқсайтындары да жоқ. Енді «Бұл бұқалар қайда кетіп қалды?» деген сауал туындайды. Бұған қатысты ғалымдардың бірнеше пікірі бар. Алғашқысы – экологияның күрт өзгеруі. Бұқалар жейтін азық таба алмай, қырылып қалуы мүмкін. Ал екінші пікір – бұл тұяқтылар Моңғолияға кетіп қалған. Қазір сол елде шынымен де ерекше тұқымды бұқаларды көруге болады.
Өзбекстанның Науаи облысында орналасқан Сармишсай мемлекеттік музей-қорығындағы шатқалдарда 10 мыңға жуық петроглиф бар. Көбі қола дәуіріне тиесілі болғанымен, палеолиттен бастап сақ кезеңінде салынған суреттер де көптеп кездеседі.
Рамазон Эгамов, Сармишсай мемлекеттік музей-қорығының директоры:
- Бұл шатқалдарды Норвегия, Қазақстан, Ресей елдерінің ғалымдары бірнеше мәрте келіп зерттеген. Тастағы петроглифтерден түрлі кезеңде өмір сүрген адамдардың мәдениетін көруге болады. Мәселен, билеп жатқан екі адамның суреттері бар. Яғни сол кезде тайпалардың өз музыкасы болғандығын, мәдениеттің дамығандығын аңғартады.
Скифтердің дүниетанымынан мол мағлұмат беретін ескерткіштің ашылмаған құпиясы әлі көп. Бүгінде ол мемлекет қорғауына алынған.