Қазақстанның Еуроодақ елдерімен тауар айналымы соңғы 4 айда 50 процентке артқан. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов дәстүрлі Astana Finance Days 2022 шарасында мәлім етті. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда Еуроодақ елдерімен сауда көлемі төмендеген. Нақтыласақ, 2012 жыл мен 2021 жылдар аралығында тауар айналым 52,5 млрд АҚШ долларынан 28,9 млрд долларға дейін азайған. Алайда, соңғы айларда қарқынды өзгерісті байқауға болады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
– Біз елдердің енгізген шектеулерінің әсерін көріп отырмыз. Соның нәтижесінде, Қазақстанның қазіргі таңда Еуроодақ елдеріне экпорттық әлеуеті артты. Нақтыласам, 418 тауардан 425 тауарға дейін. 216 жаңа экпорттық тауарлар пайда болды. Олардың қатарында мырыш, соя бұршақтары, металл бұйымдары бар.
Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, Еуроодақтың біздің елімізге салған инвестициялары соңғы 10 жылдың өзінде шамамен 270 млрд еуроны құрады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
– Бүгінгі таңда Еуроодақ елдері инвесторларының қатысуымен жалпы сомасы 2,6 млрд долларға 27 жоба пысықталуда. Құны 100 млн доллардан астам екі жоба биыл пайдалануға берілді. Сіздерге мәлім, қазіргі уақытта елімізде ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүріп жатыр. Олар мемлекеттік басқаруды қайта қарауға және «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған.