Үкімет: Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етті

Қазақстанда биыл 20 млн тоннадан астам астық бастыру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы орақтан 25%-ке көп. Еліміздің егін жинау науқанының барысы жайлы Үкіметте талқыланды. Салалық ведомство басшысы Ерболат Қарашөкеевтің айтуынша, елдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23 жарым миллион га жуық, оның 16 миллионнан астамы бидайдың үлесінде. Министр елдегі қолайлы ауа-райы орақ науқанын үзбей жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Бүгінде дәнді-дақыл алқаптарының 96% қамбаға түсті. Барлығы 12 миллион 600 мың бидай, 1 миллион 400 мың майлы дақылдар, 149 мыңнан астам көкөніс және 164 жарым мың Га аумақтан картоп жиналған.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауылшаруашылығы министрі:

- Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында бидай жинау аяқталды. Қалған облыстарда аяқталу сатысында. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа түсімнен барлығы 4,2 млн.тонна астық түсті, бұл 2021 жылғы ұқсас күнге астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түскен астық көлемінен 2,2 есе көп. Жаңа егіннің астығы жоғары сапалы көрсеткіштермен сипатталатыны да назар аудартады. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған бидайдың жалпы көлемінің 85,8%-ы 1-3-сыныптарға жатқызылған.