Күрделі геосаяси сын-қатерге қарамастан, Қазақстан бірқалыпты дамып келеді. Мұны жарты жылдық нәтижеден көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай мәлім етті. Отандық экономика шамамен 3 жарым процентке, ал нақты сектор 4 проценттен астамға өсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
– Дегенмен, инфляция да бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті. Бірақ халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Бұл үкімет жұмысың нақты көрсеткіші болып табылады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы экономиканы басқарудың басты құралы болып табылатын ақша-кредиттік саясатты жетілдіру мәселесін қозғады. Осы ретте банктер нақты сектор мен өндірушілерге несие беруді кеңейтуі тиіс деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне Үкіметпен бірлесіп несиелеу ісіне банктерді жұмылдыру бойынша ынталандыру тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
– Бүгінде біз тұтынушылық несиелердің қарқынды өсуі аясында корпоративтік несиелендірудің үлесі төмендеп бара жатқан жағдайдың куәсі болып отырмыз. Бес жыл ішінде берілген кредиттердің жалпы көлеміндегі корпоративтік несиелердің үлесі 68%-тен 41%-ке дейін төмендеді. Маңызды жобаларды мемлекеттік даму институттары есебінен, не халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері есебінен қаржыландыруға тура келеді. Сол уақытта банктерде 11 трлн теңге көлемінде жоғары өтімді активтер бар. Бұл, шын мәнінде, көңіл көншітерлік жағдай емес. Қаржылық реттеуші қабылданған шаралар жеткіліксіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер мен әкімдерге, ведомстволар мен ұлттық компаниялардың басшыларына жұмыс қарқынын барынша күшейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жаңа әдістер мен тың идеяларды пайдалану қажет екенін айтты.