Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті 189 млрд теңгеден 333 млрд теңгеге дейін артқан. Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы 10 айдың қорытындысы келесідей: негізгі көрсеткіштер бойынша облыс көш бастап қана қоймай, орташа республикалық мәндерден асып түскен. Бүгінде өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары толық қуатта жұмыс істеуде. Нәтижесінде зауыттар өнім көлемін 236 млрд теңгеге дейін арттырды.
Сонымен бірге, аймақ билігі өнеркәсіпшілердің тапсырыс портфелі біраз уақытқа алдын ала дайындалып қойғанын, оның ішінде экспорт жағынан да қалыптасқанын атап өтті.
Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенге, атап айтқанда, сүт өнімдерін ауқымды өндіруге де айрықша көңіл бөлінуде. Биыл еліміздің солтүстігінде тағы 11 ферманың құрылысы басталған. Олардың бесеуі желтоқсан айында іске қосылмақ. Жалпы, кәсіпорындарды іске қосу жыл сайын 51 мың тоннадан астам сүт өндіруге мүмкіндік береді.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Өсім тек сүт пен ет өнімдерінде ғана емес. Бүгінде облыстың 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорындары 330 түрлі ет, сүт және макарон өнімдерін шығарады. Біз әрбір үшінші қазақстандықты Солтүстік Қазақстанның өнімімен қамтамасыз ете аламыз деп айта аламыз.
Авторы: Ақзер Сегізбай