Қуаттылығы 10 МВт болатын нысан еліміздің солтүстігінде 2023-2024 жылдары пайда болады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы баламалы қуат көздерін орналастыру жұмыстары республиканың «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде облыста жалпы қуаты 70 МВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерінің 174 нысаны бар. Атап айтқанда Сергеев ГЭС-і, алты жел қондырғысы және 125 биоқазандық бар. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жобаларды жүзеге асыру экологиялық жағдайды жақсартып, қоршаған ортаны ластаушы заттар мен парниктік газдар шығарындыларын азайтады. Сондай-ақ ірі апаттардың қаупін сейілтеді.