Климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жасанды интеллектіні дамыту
мен гендерлік теңдік. Словения Президенті Nazarbayev University студенттеріне оқыған
дәрісінде көпшілікті толғандырып жүрген осы секілді жаһандық мәселелерді қозғап,
оларды шешуге қатысты ойларымен бөлісті. Наташа Пирц-Мусардың пікірінше,
көпжақты ынтымақтастық әлемдегі өзекті мәселелердің күрмеуін шешуде маңызды
құрал болып қала бермек. Қадірменді мейман жаһандық күн тәртібіне әрбір ел
өзінің тың бастамалары арқылы әсер ете алатынын айтты. Бұл ретте, Словения
өзгеге үлгі дейді. Мәселен, өзі тізгіндеген елдің бал аралары мен су
ресурстарын қорғау жөніндегі жобалары халықаралық деңгейде құпталып, тұрақты
дамуға оң ықпал етуде. Дәрістен кейін, Наташа Пирц-Мусар студенттердің сұрақтарына
жауап беріп, қазақстандық тараппен жүргізілген келіссөздердің нәтижелерімен
бөлісті.
Наташа Пирц-Мусар, Словения Республикасының Президенті:
- Қолайлы экономикалық бизнес орта құру аса маңызды. Ол үшін ең алдымен болжамды салық саясатын қалыптастыру керек. Елдердің билік басында жүрген саясаткерлері кәсіпкерлікті дамытуға негіз болатын көптеген келісімдер жасауы тиіс. Осыған басымдық берген жөн. Астанаға жасаған сапарымда осы бағытқа ерекше көңіл бөлінді. Үш меморандумға қол қойылды. Тағы екі құжат бойыншша келіссөздер жүріп жатыр. Өзара тауарайналымының әлеуеті кең. Екі жақты байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Ол үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

