Солтүстік Қазақстан облысы толық локдаунға жабылуы мүмкін. Өңірде соңғы екі аптада COVID-19-ға шалдығу деңгейі 1,5 есе өскен. Облыстың санитар дәрігерлерінің айтуынша, эпидахуалға кері әсер ету факторларының бірі вакциналау науқанының төмен жүруі және «дельта» штамының таралуы болып отыр.
«Екі аптадан бері Солтүстік Қазақстан облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қауіптіліктің «қызыл» деңгейінде тұр. Егер ауру деңгейі азаймаса мекемелердің жұмысын тоқтатып, аймақта локдаун жариялауымызға тура келеді. Әрине, бұл мәжбүрлі шара, себебі коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар санының көбеюі медициналық мекемелерге салмақ түсіруі мүмкін», - дейді СҚО бас санитар дәрігерінің орынбасары Арман Күшбасов.