Қатерлі індетпен күресте психологиялық тұрғыда қолдаудың маңызы айрықша. Бұл мақсатта елімізде арнайы көмек көрсету сайты жұмыс істейді. Осы қиын-қыстау кезде жүйке-жүйені тоздырып, күйзеліске ұшырымас үшін не істеу керек? Бұл жөнінде кәсіби кеңес алу мақсатында республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мамандарымен онлайн байланысқа шықтық. Олар бізбен COVID-19-дан психологиялық қорғанудың негізгі амал-тәсілдерімен бөлісті.
ЖҰЛДЫЗАЙ ӘЛИЕВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҒПО ПСИХОЛОГЫ:
- Вирустық жағдайда ғана емес, жалпы ауырған кезде басқа отбасы мүшелеріне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Барлығы эмоционалды түрде қысымда болады. Сол үшін отбасындағы психологиялық ахуал дұрыс болу керек. Адамды жылы сөзбен демдеу керек. Сол кезде ол рухани күш алып, әрі қарай қолданған дәрі дәрмектері сіңімді болады. Яғни адамның стресстік жағдайда иммундік жүйесін көтеруге ықпал етеді.
САНДУҒАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҒПО ПСИХОЛОГЫ:
- Сонымен қатар тағы бір мәселе ол сырттан келген мәліметтер әсер етеді. Өкінішке қарай қазіргі кезде ақпарат, жағымсыз мәліметтер көптеп келеді. Сондықтан тек қана дәлелденген, ресми қайнар көзден ақпарат алу керек.