Әлем елдерінде коронавирустан болатын өлім-жітім көбейді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Ақпанның 7-сі мен 13-і аралығында қатерлі індет салдарынан көз жұмғандар саны 4% өскен. Алайда ковид жұқтырғандар саны өткен аптамен салыстырғанда 19% азайды. Сырқаттанушылық дерегі Тынық мұхитының батыс аймағында ең көп тіркелген. Бұл орайда антирейтингтің көшін Ресей, Германия, АҚШ және Бразилия бастап тұр. Аталған елдердің әрбірінде бір апта ішінде миллионнан астам адам дертке шалдығып, мыңдаған науқас инфекцияны жеңе алмаған. Жалпы соңғы аптада дүниежүзінде 16 млн-нан астам адам қауіпті дертті жұқтырса, 74 мыңнан астамы қайтыс болды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов