Қазақстанда ми ауруларын, оның ішінде инсультты
ерте диагностикалау және емдеу үшін жасанды интеллекттің мүмкіндіктері белсенді
қолданылуда. Олардың арасында - халықаралық RapidAI тәжірибесі де бар. Бұл
жоғары технологиялы платформа мидың қан тамырларының зақымдануын бейнелеуге
арналған. Ол зақымдану аумағын автоматты режимде анықтауға және нәтижелерді
тікелей дәрігерлерге жіберуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қазақстандық
мамандар отандық медициналық Cerebra стартап жобасының мүмкіндіктерін пайдалануда.
Ол компьютерлік томография нәтижелерін талдауға көмектеседі, бірнеше минут
ішінде инсульт түрін анықтауға мүмкіндік береді, яғни пациенттердің өмірін
сақтап қалуға тікелей атсалысады.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны
үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
– Қазақстанда ЦЕРЕБРА бағдарламасы бар,
ол осы жаңа бағдарламаның баламасы, яғни
ол еліміздің көптеген ауруханаларында орнатылған. Оның да өзіндік жеңілдіктері бар.
Қазір аталмыш бағдарламаның пилоттық жобасы жүріп жатыр, ол Астана қаласындағы
2-ші, ал Алматыда ол 7-ші қалалық
ауруханада орнатылған және нәтижелері де жаман емес.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, жыл сайын
елімізде ми қан айналымының жіті бұзылуының 40 мыңға жуық жағдайы тіркеледі.
Ауруды дер кезінде анықтап, көмек көрсету арқылы пациентті толық қалпына
келтіру мүмкін.
Қарашаш Жәкібаева, емделуші:
- Осы мекемеге алып келді. Мен білмеймін бұл мекемені. Артынан біліп жатырмын. Дәрігерлері де, мейірбикелеріде тез, жақсы екен. Күшті көмек көрсетілді. Енді кешеден бері, алдында түскенде бір қолымда, бір аяғымда жан болмады ғой. Қозғала алмадым, осы жерде қыздар көмектесті. Қазір енді кешеден бері өзім де қуанып, өзім жүріп, өзім ана терезеге дейін барып, анау тамақ ішетін үстелге барып, өзім тамағымды ішіп, сөйтіп қуанып отырмын.
Мамандар инсульт белгілерін өз бетінше тануға арналған қарапайым белгілерді
білгенің артық болмайтынын алға тартады. Бұл FAST атауымен мәлім, бет, қол,
сөйлеу және уақыт деп аталатын тест. Егер адамның беті қисайса, қолы әлсіресе
немесе көтерілмесе, сөйлеуі түсініксіз болса, онда пациентті алғашқы 4,5 сағат
ішінде инсульт орталықтарының біріне жедел жеткізу қажет. Айта кетейік, бүгінде
республика бойынша 83 инсульт орталығы бар.

