Қазақстан Президенті «Жаңа адамдар» форумында сөз сөйледі

Қазақстан Президенті «Жаңа адамдар» форумында сөз сөйледі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» форумында  сөз сөйледі. Қазіргі кезде бұл қозғалыстың 19 қалада 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Оның қатысушылары еліміздің аумағында ондаған азаматтық бастамалар мен акциялар ұйымдастырып үлгерген. Олардың бәрі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Белсенділер Отанға деген сүйіспеншілік  ел дамуына серпін боларына сенімді. Мемлекет басшысы да олармен келіседі. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің жастарымыз үшін кеудесін мақтаныш сезімі кернейтінін және өскелең ұрпаққа зор үміт артатынын жеткізді. Президент еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында екеінін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген.

Мемлекет басшысының пікірінше, ел үшін адал қызмет ету жауапкершілік алудан қорықпайтын, көзі ашық, көкірегі ояу батыл азаматтардың қолынан келетін жұмыс. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жастарға мемлекет тарапынан бар жағдайлар жасалып, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті. Ұлттық қор балаларға, Келешек, Болашақ бағдарламалары іске қосылды. «Президенттік жастар кадр резерві» сұранысқа ие жобаға айналды. Саяси реформалар аясында Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілді. Бизнесті дамытуға бағытталған жеңілдікпен несие беру жағы да қарастырылған. Креативті жастарға үлкен сенім артылады.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Қазақстандағы өркениетті, жасанды интеллектті дамытуды мен еліміздің дамуының ең басты басымдықтарының қатарына қойдым. Дәл осы тұста біз үлкен жетістіктерге жетуіміз керек. Сіздердің арқаларыңызда біз бұған қол жеткізетінімізге сенімдімін. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанды көркейту қастерлі парыз екенін атап өтті. Берекелі бірлік пен жастардың жасампаздық қуатының арқасында Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға сенім білдірді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?