9 ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Көзі тірі болса, 91 жасқа толар еді. XX ғасырдағы қазақ поэзиясының жарқын өкілінің өмірден өткеніне 46 жыл өтсе де, оның мұрасы жастардың жүрегінен орын алуда. Бүгінде айтулы тұлғаның артынан 400-ден астам түрлі жанрдағы шығармасы қалды. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мұқағали Мақатаев атындағы мәжіліс залы жұмыс істейді.
Жарқынбек Жұмаділұлы, Ұлттық академиялық кітапханадағы жастар орталығының жетекшісі:
- Бұл залда ол кісінің кітаптары мен еңбектері түгел электронды түрде сақталған. QR-код арқылы шығармаларын еркін оқуға болады. Залдың өзі шығармашылыққа арналғандықтан, Мұқағали атамыздың еңбектерін насихаттауда түрлі кештер ұйымдастыруға арналып жасалған. Әдеби кешке арналып жасалған зал.
Ақиық ақын қысқа ғұмырында қазаққа қайталанбас туындылар қалдырды. Ал оның аудармашы талантының арқасында әлем әдебиетінің гауһар тастары Уильям Шекспирдің сонеттері, Уолт Уитменнің өлеңдері мен Дантенің «Құдай комедиясы» қазақ тілінде сөйледі.
Жұлдыз Мақатаев, М. Мақатаевтың ұлы:
- Қарасазда екі бөлмелі ауыл үйде тұрдық. 10 жастағы баламын ғой, әлі есімде. Сол екі бөлменің біреуі толған әкемнің кітаптары болатын. Сол кітаптармен жұмыс істеді. Бір жағынан тума талант болса, екінші жағынан еңбекқор болды. Әкеміздің шығармашылығын дәріптеуде өзіміз де жұмыс істеп жатырмыз.