Шығысқа саяхаттаушылар саны артты

2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында ішкі туристер ағыны 2,7% артты. Былтыр барлығы өңірге 350 мың демалушы келген. Салалық ведомство мәліметінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің енгізілуі, облысқа шетелден саяхаттап келуші жандардың артуына едәуір септесті. 

Мәселен, шетелдік саяхаттаушылар Бұқтырма су қоймасы, Сібе көлдері, Қатон-Қарағай ауданында ем алуға, өңірдегі тарихи нысандар және Глубокое ауданы мен Риддердегі тау-шаңғы кешендеріне көп қызығушылық танытып жатыр. Одан бөлек, облыста шипажайлық, қысқы және ауыл туризмі көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. Жалпы, өңірде жаңа нысандар салуға және саланы дамытуға былтыр 12 млрд теңге инвестиция салынған. 

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары: 

– Жалпы, былтырдың қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысы туризмнен 6 млрд теңге пайда көрді. Облыс саясаты Best Tourism қауымдастығын дамытуға бағытталады. Ол дегеніміз, өңірлік туризмге жергілікті елді-мекен тұрғындары қатысып, қонақ үйлерін салуы. Бұл саясат өзінің тиімділігін дәлелдеді. Себебі, Шығыс Қазақстан облысы ғаламдық туристік рейтингтерге кірді және кіріп қана қоймай, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, туризм бойынша Берлинде өткен көрмеде green destination бойынша үздіктер қатарында көрінді. Нақтырақ айтсақ, үздік үштікке кірді. Ал, Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Шығыс Қазақстан облысын экологиялық әлеуеті өте жоғары бүкіл әлемдегі 200 дестинацияның қатарына кіргізді. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже.