Қазақстанда Алтын Орда дәуірінің тарихын зерттеудің жаңа тәсілдері қолданыла бастайды. Отандық тарихты егеменді ел тұрғысынан түсіндіруде ғалымдар көп жұмыс атқаруы керек. Бұл туралы Атырауда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық конференция барысында айтылды. Жиынға Қазақстан, Еуропа, АҚШ, Түркия, Жапония және Ресейден 150-ден астам тарихшы, сарапшы, археолог қатысуда.
Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы:
- «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» конференциясының Атырауда өтуі – тарихи оқиға. Кеңес дәуірінде Алтын Орда біздікі емес, моңғолдікі деп шығарылды. Сондықтан біздің балалар қазақтың шыққан тегін білмей, нақты жауабын таба алмайтын. Шын мәнінде Қазақ хандығы Алтын Ордадан шыққан, яғни тікелей «Ұлық ұлыс – Алтын Орданың» мұрагері.
Серхан Чынар, тарих ғылымдарының PhD докторанты, /Түркия/:
- Алтын Орда кезеңіндегі үлкен көлемде ұйымдастырылған конференцияда, Алтын Орда мұрагерлерінің ізбасарларын түрік тарихи ұлт бірегейлігі қалыптастырғаны жайында айттық. Алтын Орданың кезеңі өте күрделі, ұзақ уақыт бойы зерттелмеген тақырып. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Ресей Федерациясында және Еуразиядағы қазақ, өзбек секілді түркі мемлекеттерінің ішінде тең көлемде зерттеліп жатыр.
Алтын Орда дәуірі келесі жылдан бастап тереңірек зерттелмек. Қазақстандық ғалымдарға өзге де мемлекеттердің мұрағаттарынан материалдарды іздеу жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ бүкіл республика бойынша Алтын Ордаға тиесілі елді мекендерді қалпына келтіру жоспарын әзірлеу қажет.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Алтын Орда дәуірінің құнды жәдігерлерін әлемге паш етуді тапсырған еді. Ал көне ескерткіштер мен заманауи кешендер туризм саласын тиімді дамытуға мүмкіндік береді.