Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсартуға арналған инвестиция

Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсартуға арналған инвестиция

Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымының экологиялық ақпарат алмасу платформасын бірлесіп құру бағдарламасы бекітілді. Онда ұйымға мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау органдары басшыларының үшінші отырысы өтті. Еліміздің  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов экологиялық мәселелер бойынша әріптестікті кеңейту бойынша бірқатар бастамаларды ұсынды. Соның бірі – ШЫҰ-на мүше елдердің экологиялық проблемалары. Ведомство басшысы платформаның құрылуы қордаланған мәселелерді бірлесіп шешуге, ортақ  жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық донорлық көмек пен инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, спикер қатысушыларды Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Мәселен, 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу жоспарлануда.

Зұлфұхар Жолдасов, ҚР ЭГТРМ экологиялық реттеу және бақылау Комитетінің Төрағасы:

– Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін 4 жарым млн гектар жерге сексеуіл егу керек. Осыған байланысты теңіздің құрғаған табанын фитомелиорациялау жөніндегі бағдарламаны және Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Құрметті әріптестер, алға қойылған міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін жоғарыда атап өткеніміздей, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобаларды қаржыландыру тетіктері қажет.