Орталық Азия: Ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

Бүгінде Орталық Азия елдерінің өзара тауарайналымы 11 млрд долларға жетіп отыр. Оның тең жартысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауданың үлесіне тиесілі. Қос тарап бұл көрсеткішті еселеуге ниетті. Өзбек сарапшылары бұны әлі де меже емес, өзара алыс-берістің әлеуеті әдеқайда жоғары екенін алға тартып отыр.

Орталық Азия халықаралық институтының сарапшылары қазақ-өзбек қарым-қатынасы өңір елдерінің тұтас ынтымақтастығына дәнекер болғанын айтады. Аймақ ішінде тұңғыш стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы тарихи шарттар Қазақстан мен Өзбекстан арасында жасалған. Бүгінде кең құлаш жайған бесжақты ықпалдастық өңір елдерін ұйыстырып, Орталық Азияның заманауи келбетін қалыптастыруда.

Саидмухтар Саидкасимов, Орталық Азия халықаралық институты директорының кеңесшісі, Өзбекстан:

- Орталық Азияның 2040 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының қабылдануы болашаққа деген нық сеніммен нақты әлеуетімізді танытады. Онда біздің одан әрі дамуымыздың нақты бағыт-бағдары айқындалған. Бұл бағыттар барлық салаларды қамтиды. Ең алдымен экономикалық тұрғыдан даму. Біздің әлеуетіміз мол. Бүгінгі қарым-қатынастан әлеуетті мүмкіндігіміз әлдеқайда жоғары.

Өзбекстандық сарапшылар 80 млн халқы бар аймақтың ортақ нарығы дамудың даңғыл жолына түскенін айтады. Олардың дерегінше, соңғы 7 жылдың өзінде өңіраралық сауда 4 есе, бірлескен кәсіпорындар 3 есе, ал инвестициялар 2 есе өскен. Тек былтырғы өзара таурайналым 25% артқан.

Азер Адигезалов, Орталық Азия халықаралық институтының бас ғылыми қызметкері, Өзбекстан:

- Бүгінде аймақтағы барлық дерлік даулы мәселелер өз шешімін тапты. Осының арқасында экономикалық қарым-қатынастардың жаңа кезеңі басталды. Оның басымдықтары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарық көрген «Орталық Азия ренессансы» атты мақаласында көрініс тапты. Қазақстан Президенті ұсынған түрлі бағыттағы тың бастамалар өңір елдерінің басшыларының көзқарасымен сәйкес келетінін ерекше атап өту керек.

Ұлттық және өңіраралық бірегейлік барынша ескерілген тең құқылы қарым-қатынастардың дамуы басты қаперде. Бұған бестік бір ауыздан мүдделі. Яғни, экономикалық, энергетикалық, көліктік-логистикалық, транзиттік дәліздер, мәдени-гуманитарлық байланыстар, адами капиталды бірге нығайтуға ниетті.

Жеңіс Ермұқанов