Қазақстанда 2021 жылы жаңартылатын энергия көздерінен төрт миллиард киловаттан астам электр энергиясы өндірілді. Оның басым бөлігі 1,8 млрд жел қуатына және 1,6 млрд күн, содан кейін су және биоқондырғылардың үлесінде. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылы жасыл қуат өндіру көрсеткіштері 10 станцияны пайдалануға беру есебінен әлдеқайда жоғары болады. Сондай-ақ, Жаңартылатын энергия көздерінің тағы 11 нысаны 2023 жылы іске қосылады.
Алма Жүкенова, жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары:
– Бізде күн энергиясын өндіретін нысандар көп. Оларды сұрыптадық. Ал қазір біз жел электр станцияларына көбірек көңіл бөлудеміз. Себебі олардың тиімділігі күн және басқаларға қарағанда жоғарырақ. Әрине, біз гидроэлектростанцияларына да назар аударамыз. Себебі гидроэлектростанциялар маневрлік қуат береді. Маневрлік қуат кешкі және түнгі уақыттағы ең жоғары жүктемелерді жабу үшін қажет. Сондықтан күн, жел жақсы әрине, бірақ олар тұрақсыз. Сол үшін де гидроэлектростанция түрінде маневрлік қуат қажет.
Жаңартылған энергия көздерінің барлық жобасы шетелдік инвестициялар арқылы жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Бүгінде ұзақ мерзімді келісімшарттарға әлемнің 10 елінен ондаған компания қол қойды.
Алма Жүкенова, жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары:
– 2018 жылдан бастап бізде аукциондық тетік жұмыс ісстейді. Яғни, елдер аукцион арқылы Жаңартылған энергия көздері жобаларын іске асыруға қатыса алады. 2018-2021 жылдар аралығында аукциондарға әлемнің 12 мемлекетінен 196 компания қатысты. Өтінімдер саны белгіленгеннен екі есе артық болды. Тағы бір қуантатыны - біздің нарыққа тек ірі инвесторлар ғана емес, ірі мұнай компаниялары да келгені.
Осылайша, Қазақстан жалпы энергия жүйесіндегі жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2025 жылға қарай 6 процентке және 2030 жылға қарай 15 процентке дейін жеткізуге ниетті.
Автор: Ақзер Сегізбай