Шетелге экспортталатын дәрілік шөптерге шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстанда дәрілік шөптер ретсіз жиналып, сирек кезігетін ағаштардың тамырына заңсыз балта шабылып жатыр. Осының салдарынан шикізат қоры таусылып барады, дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі. Серікқали Брекешев Мәжілістің кезекті отырысында осы бір келеңсіз үрдісті реттейтін жаңа заң жобасын таныстырды. Оның дерегінше, елдің  өсімдіктер дүниесінде ағаш-бұта және шөптің 6 мыңнан астам түрі бар. Оның бір жарым мыңға жуығын дәрілік өсімдіктер құрайды. Оның 14-ті экспортталады. АҚШ, Түркия, Қытай елдерінде біздің осы өнімдерімізге сұраныс мол. Мәселен, соңғы үш жылда ғана аспан асты еліне тек мия тамырының 33 мың тоннасы жөнелтілген. Ол өңірлер әзірлейтін көлемнен әлдеқайда көп. Заңсыз шетел асқаны қаншама? Оның есебі жоқ, әрине. Сондықтан жаңа құжат аясында бақылауды күшейтіп, дәрілік шөптерді жинау көлеміне шектеу қойылады. Ол мөлшер өсімдік өсетін өңірі мен әрбір түріне тікелей байланысты болмақ. Құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәди Нұрпейісов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Басқарма Басшысы:

– Заң жобасының тікелей мақсаты бізде қазіргі босалқы жерлердегі өсімдіктердің қандай мөлшерде екенін, оларды қорғау, сақтау тұрғыда құқықтық нормаларды кіргізу. Ресурстық анықтама зерттеуі жүргізіледі, соның негізінде жинауға болатын көлем анықталып, сол лимит көлемінде оны жинауға рұқсат беріледі. Яғни, ол экономикалық тұрғыда да, және экологиялық тұрғыда да тиімді болады деп жасалған заң жобасы.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов