Халықаралық инвесторлардың Қазақстан нарығына қызығушылығы артып келеді.
Біздің елдің және жалпы Орталық Азия аймағының шетелдік қаржы тартуда әлеуеті
жоғары. Бұл әуелі Азия мен Еуропаны жалғастырып жатқан алтын көпір іспеттес
географиялық жағдайымыз. Еуропалық инвестициялық банктың Бас директоры Эндрю
Макдауэлл Silk Way телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстанға
шетелдік бизнес қызығушылығының артып келе жатқандығын айтты. Бұдан өзге ол
маңызды шикізат материалдары саласындағы жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін
де талқылады. Бұл ретте Еуропалық қаржы институты Қазақстанмен қарым-қатынас
көкжиегін кеңейтуді мақсат етіп отыр.
Эндрю Макдауэлл, Еуропалық инвестициялық банктің бас директоры:
- Біз тұрақты көлік жобаларын қаржыландыру үшін 200 милллион евро несиені бекіттік. Бұл Қазақстанның дамуына үлкен қолдау болады. Қаржы Транскаспий дәлізімен байланысты 5 мың шақырым жолды қалпына келтіруге бағытталады. Бұл өз кезегінде Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы сауданың ширауына ықпал етеді. Энергетика саласында жаңартылған энергия көздеріне қатысты жобаларды қолдаймыз. XXI ғасырда инвестиция мен сауданың дамуында Орталық Азия ерекше роль атқарады. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттықтың орталығында орналасқан. Бай табиғи ресурстарыңыз бар. Бұл дамуға үлкен жол ашады. Қазақстан ресурстарды тиімді әрі тиянақты пайдалануды көздеп отыр. Осы арқылы Еуропамен және басқа да әлем елдерімен сауда жасап, инвестиция тартуға мүмкіндіктер кеңейеді. Біз үлкен әлеуетті көріп отырмыз, сол себепті қарым-қатынасты нығайта түсуге дайынбыз.

