Жобаны қолға алғалы отырған «Отандастар» қоры 14 елде ізденіс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы елордада қор жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында белгілі болды.
Жиында айтылғандай, әлемнің 40 еліндегі қазақ мәдени орталықтарына қолдау шараларын күшейту қарастырылған. Сондай-ақ жиын барысында шетелдегі қазақ тілді ақпарат құралдарын демеу мәселесі де көтерілді.
Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті:
- Қазіргі таңда шетелде 200-ден астам ұлттық-мәдени орталық жұмыс істейді. Біз оларды қолдау мәселесін қарастырып жатырмыз. Мысалы, өткен жылы Абайдың 175 жылдығын өткізу болса, биылғы жылы да осындай шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл – білім беру жобалары, шетелде тұратын қанастарымызға арналған арнайы квоталар. Үшінші мәселе – шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың хабар таратуы. Біздің мәліметтеріміз бойынша, қазір шетелде 90-ға жуық қазақ тілді БАҚ бар. Міне, қазір біз ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Хабар» телеарнасымен бірлесіп, аталған БАҚ өкілдерімен ауқымды істер атқармақпыз.
Авторы: Ақзер Сегізбай