Қазақстандық астрофотографтың жұмысы «35AWARDS» халықаралық байқауының топ-парағына енді. Биыл шығармашылық сайысқа әлемнің 118 елінен 1 600-ден астам фотосуретші қатысқан. Қазылар алқасының назарына барлығы 3 мыңнан астам туынды ұсынылған. Бір айлық шағын байқаудың қорытындысы бойынша қазақстандық Евгений Бондарьдың «Темір эдельвейс» атты жұмысы үздіктер қатарынан табылды. Қарағандылық фотограф алғаш рет бұл байқауға 2 жыл бұрын қатысқан. Бүгінде аталмыш сайысқа қатысу шебер үшін дәстүрлі жағдайға айналды. Әуесқой фотограф бұл өнермен 2016 жылдан айналыса бастағанын айта кеткен жөн. Телескопты сатып алғаннан кейін жұлдыз бен аспанның сұлулығын басқалармен бөліскісі келген. Фотографтың айтуынша, ол астропейзаж жанрында жұмыс істегенді ұнатады, себебі ол көрермендерге үлкен эстетикалық әсер сыйлайды. Евгений алдағы уақытта да фотобайқауларға қатыса бермек және қазақ жерінің сұлулығын көбірек таспалауды жоспарлап отыр.
Евгений Бондарь, астрофотограф:
- «Темір эдельвейс» – Түрген үстіртінде бой көтерген обсерватория. Ол осы үстіртте өсетін, бүгінде Қызыл кітапқа енген гүлге ұқсатып салынған. Яғни ғимараттың сыртқы пішіні гүлге ұқсайды. Алдағы уақытта Ақмола, Қарағанды облыстарына, Алматыға жақын орналасқан көрікті жерлерге баруды жоспарлап отырмын.
Авторы: Ақзер Сегізбай