Қазақстан Ұлттық қорды қысқарту үрдісінен арыла алады. Бұл мемлекеттік қаржыны басқарудың жеке тұжырымдамасын жасаудың арқасында мүмкін болмақ. Тұжырымдама не себепті өте қажет және салық төлеушілердің қаражаты қалай жұмсалады? Аталған сұрақтарға дөңгелек үстел барысында республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі Рашит Ахметов жауап берді. Ол тексерулер кезінде ұйым қызметкерлері бюджеттік және басқа да заңнаманың жүйелі түрде бұзылуы жиі анықталатынын мәлімдеді. «Сондықтан да қазір түбегейлі өзгерістер қажет», – деді спикер. Оның айтуынша, мәселенің түп-тамырын ескірген заңдардан, нормативтік-құқықтық актілерден іздеу керек. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні барлық жұмысты жүйелендіру және бюджет қаражатымен, мемлекеттік активтермен, жалпы қаржымен жұмыс істеуде бірыңғай тәсілді әзірлеу қажеттілігі туындап отыр.
Рашит Ахметов, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі:
- Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздарды басқаруға мүмкіндік береді. Себебі бұрын қаражат жан-жақты пайдаланылған. Мемлекет басшысының Жолдауындағы барлық тапсырма осы тұрғыда көрініс тапты. Бүгінде тапсырма нақты беріліп отыр.