«Ядросыз әлем». Қазақстан тәуелсіздігі мен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған фотокөрме Сеулде қанат жайды. Экспозицияда полигон және ядролық жарылыстардың салдары бейнеленген фотосуреттер мен тарихи құжаттарды көруге болады. Сондай-ақ көрме қонақтары қазақ музыкасын тыңдап, Қазақстан туралы ағылшын және корей тілдеріндегі кітаптармен таныса алады. Экспозицияның тағы бір бөлігінде заманауи Қазақстанның суреттері қойылған. Көрмені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Кореядағы елшілік ұйымдастырған. Кореялықтар үшін «Ядросыз әлем» көрмесінің маңызы зор. Қазір олар Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту тәжірибесін зерттеу үстінде. Оңтүстіккореялықтар Солтүстік Корея билігі де ядросыз әлем бастамасына қосылады деген үмітте.
Пан Ги Мун, БҰҰ-ның Бас хатшысы:
- Мен Семей ядролық полигонында болып, ядролық қаруы бар мемлекеттер ядросыз әлем құру үшін бар күш-жігерін сала алатынын айттым. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бұл мұрасы мәңгі сақталады. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылғы желтоқсанда 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде белгіледі.
Ли Джон Гук, Корея қорының вице-президенті:
- Ядролық қарусыздану туралы фотосурет көрмесі корейлер үшін көп мағына береді. Кореяның барлық азаматы ядросыз әлемді армандап отыр. Сондықтан біз Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын жақсы түсінеміз.