Қазақстандық авиакомпанияларға сот шешімінсіз жолаушыларды «қара тізімге» өз еркімен енгізуге тыйым салынады. Азаматтар бұл тізімге тек ұшақ бортындағы құқықбұзушылық үшін және оларды қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту нәтижесінде кінәсі дәлелденген жағдайда ғана енгізіледі. Бұл нормалар Мәжілісте мақұлданған көлік мәселелері жөніндегі заң жобасында айқын көрсетілген. Сондай-ақ, құжатта «әділ мәдениет» ұғымын енгізу қарастырылған. Оның негізгі қағидаты - азаматтық авиация саласындағы қасақана құқық бұзушылықтарға немесе немқұрайлы мінез-құлыққа төзбеушілік. Жаңа нормалар әуе тасымалдаушылардың кесірінен ұшақтың әр сағатқа кешігуі үшін айыппұл салуды қарастырады. Сонымен қатар, егер авиакомпаниялар рейсті бұрынғыдай 10 емес, 8 сағатқа кешіктіретін болса, жолаушыларды қонақ үй және тамақпен қамтамасыз етуі тиіс.
Альберт Рау, ҚР экономикалық реформалар және өңірлік Даму Комитетінің Төрағасы
– Депутаттар ұсынған норма бекітілген. Егер авиакомпанияның кесірінен рейстің кешігуі орын алса, онда олар жауапты болады. Себебі бізде авиакомпанияларымыз осындай қателіктерге бой беріп жатады. Бұл қалай жүзеге асады? Рейстің кешіккен әр сағатына 3 процент айыппұл қосылады, бірақ айыппұл құны түптеп келгенде билет бағасынан артық болмайды. Механизм өзінен өзі жұмыс істей береді. Мысалы сіз билетті 20 мыңға сатып алдыңыз делік, әр сағат үшін 3 процент, яғни 20 мың теңгеден проценттер алынып отырады.
Айта кетейік, енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстанда жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі транспорттың барлық түріне күшейтіледі.