Қазақстандық балалар танымал «Tiji» телеарнасының мультфильмдерін мемлекеттік тілде тамашалай алады. Туындылар бір жыл бойы «Қазақфильмде» дубляждалды. Дыбыстаушы актерлер шетелдік компанияларда арнайы кастинг сараптауынан өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, танымал анимациялық телеарналардың өнімдерін қазақ тіліне аудару жобасы 2021 жылы қолға алынған. «TiJi» арнасы бүгінде әлемнің 20 елінде 14 тілде хабар таратады.
Жан-Рене Окутюрье, Халықаралық дистрибутциялау жөніндегі директор:
– Біз қазақстандық балаларға сапалы танымдық әрі ойын сауық бағдарламаларын ұсынып отырмыз. Мұнда 2-ден 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер ана тілінде түрлі мультфильмдер көріп, зейінін жетілдіруге мүмкіндік бар. Дубляж жасау барысында, әрбір материал жіті тексеруден өтіп, аударманың сапасына аса назар аударылады.