Сенатта гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды

Қазақстан гендерлік теңдік бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Жалпы еліміз қазіргі таңда әйелдер теңдігіне қатысты жаһандық рейтингте 146 елдің ішінен 76-орынға жайғасты. Бұл туралы Сенатта Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның отырысында айтылды. Статистикаға сүйенсек, елде биыл мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 56%-ға жеткен. Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы нәзік жандылардың үлесі – 50%-дан асып жығылған. 

Бүгінде Қазақстан халқының шамамен 51%-ын әйелдер қауымы құрайды. Жиынға төрағалық еткен Сенат Спикері әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басты міндет екенін ерекше атап өтті. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Мемлекет басшысының жарлығымен 2030-шы жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы өзектендірілді. Былтыр Президентіміздің тапсырмасымен тиісті заңдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтетін маңызды заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бұл – Парламент депутаттары, Үкімет және азаматтық сектордың ауқымды әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі екені анық.