АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының жұмысы Павлодар облысында жалғасты. Сенат төрағасы бастаған бірқатар депутат, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері аталған өңірдің энергетика, металлургия салаларының мамандары, сарапшылар қауымдастығы және белсенді жастармен жүздесті. Кездесу аясында отандық энергетиканың әлеуеті мен алдағы референдумның мәні талқыланды. Мәулен Әшімбаев осы орайда елімізде көміртегі қалдығын азайту үшін өндіріске инновацияны кеңінен енгізудің маңызына тоқталды. Бұл ретте өзіміздегі қуат тапшылығын ауаға көмірқышқыл газын барынша аз шығаратын энергия көздері арқылы шешу мәселесі өте өзекті екенін алға тартты. Жиынға қатысушылардың пікірінше, 6-шы қазанда өтетін жалпыұлттық референдум Қазақстанның дамуы жолында шешуші мәнге ие және оның елге берер игілігін халыққа сапалы әрі жан-жақты түсіндіру қажет.