Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады. Биыл Дубайда өткен дүбірлі додада әлемнің 80 елінен 100 астам команда бап пен бақ таластырды. Оның 12-сі қазақстандық құрама. Қатысушылар жарыста күрделі сынақтарды бағындырды. Олар шабуыл және құтқару операцияларын жүргізіп, кедергілер жолағынан өтті. Отандық офицерлер шеберліктің үздік үлгісін таныта білді. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары күміс жүлдегер атанды. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» құрамасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері де жақсы нәтижелер көрсетті. Ел Президенті жеңімпаздарды құттықтап, бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ.
Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды. Сондықтан, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен батырлардың теңдессіз ерліктерін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз екенін еске салды. Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бүгінде офицерлердің жаңа буыны антына адал, сертіне берік болып осы жолды абыроймен жалғастырып, заң мен тәртіп үшін қызмет атқаруда. Олар республикадағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықаралық қатынастар жаһандық өзгерістерге ұшырауда. Кейбір мемлекеттер, тіпті алпауыт елдердің өзі сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатыр. Қазақстан дәстүрлі әрі заманауи құндылықтарды тең ұстайтын прагматизмге әлдеқашан бет бұрды. Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті.
Мемлекет басшысы офицерлердің қызметіне сәттілік тілеп, қуатты және
өркендеген Қазақстанды құру жолындағы мақсатымыз айқын екенін тілге тиек етті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

