Сенат сот жүйесін реформалауға бағытталған заңды мақұлдады

Сенат сот жүйесін реформалауға бағытталған заңды мақұлдады

Сенат депутаттары сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заңды мақұлдады. Аталған құжат Президенттің қол қоюына жіберілді. Оның аясында қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстеріне, сондай-ақ бірқатар өзге де заңдарға түзетулер енгізілді. Осылайша әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық шағымданудан кейін заңды күшіне енеді. Істерді Жоғарғы сотта қайта қарау ерекше жағдайларда – Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша – іске асады. Кассациялық соттарда қылмыстық және азаматтық істерді қайта қараудың алты айға дейінгі мерзімі белгіленеді. Ал, кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау алынып тасталады. Сенаторлар барлық өзгерістер мен түзетулер қазақстандықтардың сот арқылы қорғалу және ашық әрі әділ сот төрелігіне қол жеткізу құқығын іске асыру кепілдіктерін күшейтуге бағытталғанын айтады.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Дербес кассациялық соттарды құру, сот ісін жүргізудің барлық түрлері бойынша кассациялық соттарға жолдану және сот актілерін қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылып отыр. Заңмен кассациялық сатыда жүгіну тәртібін оңайлату мақсатында қылмыстық және азаматтық істер бойынша азаматтардың сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаты кассациялық шағымға өзгертіледі.

Нұрсерік Шәріпов, ҚР Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

- Депутаттар осы заң жобасын қабылдау арқылы кассациялық соттардың дербестігі және жаппай кассацияға рұқсатты жетілдіруге жол ашты. Ондағы ережелер реттеліп, біріздендіріледі. Яғни, барлығы бірдей болады. Бұдан былай қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бір процессуалдық тәртіп бойынша жүргізіледі.

Ермұқанова Жеңіс