Қазақстан мен Оңтүстік Корея сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайта түседі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапарында белгілі болды. Ресми рәсім Көк үйдегі салтанатты қабылдаудан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин қарсы алып, құрмет көрсетті.
Қос мемлекет басшыларының кездесуінде тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан әрі дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Әріптестік әлеует орасан. Әсіресе Қазақстан экономикасына корей инвестициясын тарту жұмысын жүйелей түсу қажет.
Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты. Ал Оңтүстік Корея Президенті пандемия басталғалы бері осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ең бірінші болып Қазақстан Президентімен өткізіп жатқанын айта келе, екі елді байланыстыратын ерекше қарым-қатынастарды атап өтті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Олардың арасында су ресурстарын басқару, мұрағат ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Мен осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін Сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotte, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр.
Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея Республикасының Президенті:
- Корей халқының Қазақстан халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Біз үшін Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы болып саналады. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан тартып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кең пейілдігін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз.