Қазақстанда медиа саланы дамыту қамында қоғамдық-кәсіптік кеңес құрылып, журналистердің әдеп кодексі әзірленеді. Сонымен қатар мемлекеттік тілде теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы шығарылым көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отыр. Осылайша алдағы жылдан бастап 55%, ал 2027 жылдан бастап 60% жеткізу межеленген. Есесіне отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20%-дан 10%-ға дейін азайту қарастырылып отыр. Ел сенаты Масс-медиа туралы заңға енгізілген осы және өзгеде өзгерістерді мақұлдады.
Құжат Президенттің қол қоюына жіберілді. Салалық ведомстваның атап өтуінше, заңда елдегі 17 міндетті телеарналарға қойылатын талаптарды қайта қарауға мүмкіндік беретін бірқатар жаңалық бар.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
– Бұдан былай елдегі 17 арнаның қатарындағы 9 мемлекеттік арна өкілдері конкурсқа қатыспайды, сәйкесінше ешқандай құжат тапсырылмайды. Қалған 8 қатысушыға келетін болсақ, оларды осы топтаманың құрамында анықтау кезінде, ең алдымен олардың контенті ескерілетін болады. Бұл мазмұндық бөлім, мәдени, ағартушылық бөлім және оның мазмұны біздің барлық заңнамалық нормаларымызға, біздің азаматтарымыздың дәстүрлері мен мүдделеріне сәйкес келуі тиіс. Біз бұл жағына басымдық бердік. Сондықтан міндетті арналар тізбесін айқындау үшін біз осы талаптарды енгіздік.
Қазақстанда заңсыз балық аулаумен күрес күшейеді
Сондай-ақ, Парламенттің Жоғарғы палатасы басқа да заң жобаларын қарады. Атап айтқанда, Сенат Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш хаттамасына енгізілген өзгерістерді де құп көрді. Аталмыш келісім заңсыз және реттелмейтін балық аулауға ықпал ететін субсидия беруді шектеу арқылы биологиялық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы, құжатта балық шаруашылығының негізгі ұғымдары, апат кезінде қажетті көмек көрсетуге берілетін субсидиялардың түрлері, сондай-ақ заңсыз кәсіппен айналысуға күдік туғызған кемені уақытша ұстау туралы ережелерді қамтитын 12 бап қарастырылған. Осылайша Қазақстанда заңсыз балық аулаумен күрес күшейтілмек.